Аймақтар • 14 Тамыз, 2017

«Ертіс» Димитар Димитровты шапан жауып, шығарып салды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда Димитар Димитровты шығарып салу үшін орталық стадионға футболшылар мен клуб қызметкерлері, жанкүйерлер жиналды.

«Ертіс» Димитар Димитровты шапан жауып, шығарып салды

Облыстық футбол федерациясы біздің өңірде қызмет еткен уақытында болгарлық бапкер өзін өз ісінің кәсіпқойы ретінде таныта білді. Димитарға жергілікті «Ертістік» футболшылар да, жанкүйерлер де бауыр басып қалды. Димитар Димитровке өңірде, біздің еліміздегі футболды дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаты және Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің көрінісі бар сурет сыйға тартылып, иығына қазақ шапан жабылды.

– Бұл менің өмірімдегі ең қиын шешімдердің бірі. Қимай кетіп барамын. Қазақстанды екінші Отаным, Павлодарды екінші қалам деп есептеймін. Сіздердің маған деген ықыластарыңыз үшін мен сіздерді сүйемін, өмірімнің соңына дейін жақсы көріп өтемін. Мен үшін адами жақсы қасиеттер чемпиондықтан жоғары, ол ешбір титулмен өлшенбейді, – деді Димитар.

Жанкүйерлер бапкермен көпке дейін қоштасқысы келмей, суретке түсіп, автографын алып жатты.

Димитар Димитровтың бапкер болған кездері «Ертіс» футбол клубы еліміздің XXV чемпионатының қола жүлдегері атанды. Д. Димитров барлығы 79 ойын өткізіп, 35 рет жеңіске жетті. 18 ойын тең есеппен аяқталса, 26 кездесуде есе жіберді. Өткен жылы Димитров Павлодар облысының құрметті тұрғыны атағына ие болған.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»